«Ақиқаттың ақ тұмары – Ата Заң»
№17 кітапхана Қызылжарма мәдениет үйінің қызметкерлері мен №295 «Келешек» жайлы мектеп педагогтерінің қатысуымен «Ақиқаттың ақ тұмары – Ата Заң» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
2026 жылдың 1 шілдесінен бастап жалпыхалықтық талқылау мен таңдаудың нәтижесінде қабылданған Жаңа Халықтық Конституциямыз ресми түрде өз күшіне енді. Бұл – еліміздің құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды тарихи қадам. Ата Заң тек құқықтық құжат қана емес, ол – елдің жарқын болашағына бағытталған ортақ ұстаным мен қоғамдық келісімнің берік негізі, әрбір азаматтың құқығы мен міндеті тең дәрежеде қорғалатын әділетті қоғамның кепілі.
Шараның мақсаты – Конституцияның қоғам өміріндегі орны мен маңызын түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң үстемдігін, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу мәдениетін қалыптастыру, жастардың ел тағдырына деген жауапкершілігін күшейту және азаматтық белсенділікті насихаттау.
Шара барысында Конституцияның негізгі қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заңның үстемдігі, әділдік пен қоғамдық келісім құндылықтары кеңінен талқыланды. Қызылжарма мәдениет үйінің директоры Рүстембек Айтжанбекұлы Ата Заңның әрбір азаматтың өмірімен тығыз байланысты екеніне тоқталып, құқықтық мемлекет құрудағы халықтың жауапкершілігі туралы мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті.
Іс-шара аясында Конституцияға арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар құқықтық әдебиеттер мен мерзімді басылымдарда жарияланған танымдық материалдармен танысты.







