«Қызылорда көшелері сыр шертеді»
А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханада Қызылорда қаласының көше тарихын насихаттау, жергілікті тарихи тұлғалардың өмірі мен қоғамдық қызметін таныстыру мақсатында кітапханада «Қызылорда көшелері сыр шертеді» жобасы аясында Сұлтанбек Қожанов көшесінің тарихына арналған таныстыру сағаты ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында оқырмандарға мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының көрнекті өкілі Сұлтанбек Қожановтың өмірі мен ел тәуелсіздігі жолындағы ерен еңбегі туралы кеңінен мәлімет берілді. Сонымен қатар оның қазақ халқының тарихи «қазақ» атауын қайтаруға, Ақмешіт қаласының Қазақстан астанасына айналуына және қаланың Қызылорда атауын алуына қосқан зор үлесі жөнінде тарихи деректер таныстырылды.
Шара барысында кітап көрмесіне шолу жасалып, архивтік материалдар мен мерзімді басылымдардағы мақалалар таныстырылды. Оқырмандар тарихи тұлғаның өмір жолы мен қоғамдық қызметі туралы пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.
Іс-шараның мақсаты – оқырмандардың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттыру, Қызылорда қаласының көше атауларының шығу тарихын таныстыру және ел тарихында із қалдырған тұлғалардың мұрасын дәріптеу.







