Абай – дара, Абай – дана қазақта
10 тамыз – Абай күніне орай Ақсуат Мәдениет үйі және №8 кітапхананың ұйымдастыруымен «Абай – дара, Абай – дана қазақта» атты танымдық сағаты өткізілді.
Шараның басты мақсаты – ұлы ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру.
Іс-шара барысында қатысушыларға лед экран арқылы Абай Құнанбайұлының өмір жолы мен шығармашылығына арналған мазмұнды бейне ролик көрсетіліп, ақынның өнегелі ғұмыры мен өшпес мұрасы жайында мағлұмат берілді.
Ақсуат Мәдениет үйінің өнерпаздары ұлы ақынның жүрекке жылы, көңілге қонымды әндерін орындап, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.
Сонымен қатар, «Жас Дарын» көркем сөз үйірмесінің мүшелері Абайдың сыршыл өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақын шығармаларының терең мағынасы мен көркемдік ерекшелігін шебер жеткізе білді. Жас оқырмандардың өнері көпшілік тарапынан жоғары бағаланып, ыстық ықыласқа бөленді.
Шара соңында «Адамзаттың Абайы» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жас алып, ақынның шығармалары мен ол туралы зерттеу еңбектері таныстырылды. Көрмеге қойылған әдебиеттер оқырмандар назарына ұсынылып, Абай мұрасын оқып-тануға шақырылды.
Танымдық сағат барысында қатысушылар қазақ халқының ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының мол мұрасымен тағы бір мәрте қауышып, рухани азық алып қайтты.







