Жастар және кітап: болашаққа бірге
А.С. Пушкин атындағы орталық кітапханада 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай, «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында оқырмандардың қатысуымен «Жастар және кітап: болашаққа бірге» атты кездесу-пікірталас ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – жастар арасында кітап оқуды насихаттау, олардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және еркін ой-пікір алмасуға мүмкіндік жасау.
Кездесу барысында қатысушылар кітаптың адам өміріндегі орны, қазіргі жастардың оқу мәдениеті, дәстүрлі және электронды кітаптардың ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы өз ойларын ортаға салды. Жастар сүйікті шығармалары мен қаламгерлері туралы әңгімелесіп, кітап оқудың білімді жетілдірудегі, дүниетанымды кеңейтудегі және рухани дамуға қосатын үлесі жөнінде пікір алмасты.
Шара барысында жастардың белсенділігін арттыру мақсатында түрлі қызықты ойындар мен танымдық тапсырмалар ұйымдастырылды. Соның ішінде «Эмоциямен кітап таныстыр» ойыны қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Ойын барысында жастар өздеріне ұнаған кітаптарды сөз қолданбай, түрлі эмоция, қимыл-қозғалыс арқылы таныстырып, басқа қатысушыларға шығарманы табуға мүмкіндік берді.
Кездесу соңында жастар «Кітап оқитын ұлт» идеясын қолдап, кітап оқудың жеке тұлғаның дамуы мен рухани қалыптасуындағы маңызын атап өтті. Еркін пікір алмасу мен қызықты ойындарға ұласқан шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, кітапқа деген қызығушылықтарын арттырды.







