Менің ұсынысым – менің үлесім
№3 кітапханада ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылауға бағытталған «Менің ұсынысым – менің үлесім» атты ашық диалог болып өтті.
Іс-шараға кітапхана оқырмандары мен жастар қатысып, еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі өзгерістердің бірі – Ұлттық құрылтайдың құрылуы, оның қоғам мен мемлекет дамуындағы орны мен маңызы туралы пікір алмасты.
Шара барысында Ұлттық құрылтайдың халықтың ұсыныстары мен пікірлерін ескеруге, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға, азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық алаң екені сөз болды. М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Шерниязов Жұмабай және Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы Қайратқызы Аружан, Ұлттық құрылтайдың негізгі міндеттері мен оның ел болашағына ықпалы жөніндегі өз ой-пікірлерін ортаға салды. Қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, жастар мен оқырмандар арасында еркін әрі ашық пікір алмасу ұйымдастырылды. Әрбір айтылған ой – ел дамуына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымның көрінісі екені атап өтілді.
Шараның мақсаты – азаматтардың қоғамдық-саяси сауаттылығын арттыру, елдегі өзгерістерге деген қызығушылығын қалыптастыру, азаматтық белсенділікті қолдау және қоғам үшін маңызды мәселелер төңірегінде еркін пікір алмасуға мүмкіндік жасау.







