Ұстаз – мәңгі нұрдың қызметшісі
1 қыркүйек – Білім күні аясында №10 кітапхана №39 Қызылөзек орта мектебінің 7 «Б» сынып оқушылары арасында «Ұстаз – мәңгі нұрдың қызметшісі» атты танымдық шара ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – ұстаз еңбегін дәріптеу, жас ұрпақтың бойына мұғалімге деген құрмет пен ықылас сезімін қалыптастыру, оқушыларды кітап оқуға, білімге және ізденіске баулу.
Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, оның бойына адамгершілік пен ізгілік дәнін себетін, жүрегіне жарық сыйлайтын ұлы тұлға. Осы орайда өткен танымдық кездесуде ұстаз еңбегінің қадір-қасиеті, білімнің адам өміріндегі маңызы туралы тағылымды әңгіме өрбіді.
Шара аясында «Ұстаз – мәңгі нұрдың қызметшісі» атты кең көлемді тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме төрінен ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің «Таңдамалы шығармалары», Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл тағылымы», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», сондай-ақ С.Бабаевтың «Тұлғалық педагогикасы», «Педагогика» атты еңбектері мен мерзімді басылымдар орын алды.
Кітап көрмесі арқылы оқушылар ұлы ұстаздар мен ғалымдардың еңбектерімен танысып, білім мен тәрбиенің, ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастықтың маңызына көз жеткізді.







