Тілім менің – елдігімнің тұғыры

  №17 кітапханада С.Әлжіков атындағы №144 мектеп-лицейінің 7 сынып оқушыларының қатысуымен 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тілім менің – елдігімнің тұғыры» атты танымдық брейн-ринг ұйымдастырды.
  Шараның мақсаты – жас ұрпақтың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру, ана тілінің қадір-қасиетін дәріптеу, тіл мәдениетін қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және кітапханаға жаңа оқырмандар тарту.
  Шара барысында қазақ тілінің тарихы мен дамуы, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрдегі тілдің орны, қазақтың белгілі ақын-жазушылары туралы мағлұмат берілді. Сонымен қатар қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ақын, аудармашы, педагог, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптар таныстырылды.
  Оқушылар екі топқа бөлініп, тілге қатысты түрлі деңгейдегі қызықты сұрақтарға жауап берді. Қатысушылар қазақ тілінің алғашқы әліппелері, тіл тарихы, адамзат тарихындағы көп тілді меңгерген полиглоттар туралы білімдерін ортаға салды. Әсіресе, Әл-Фарабидің көптеген тілдерді меңгергені, ал ұлы Абайдың қазақ және орыс тілдерімен қатар араб, парсы тілдерін білгені туралы қызықты деректер оқушылардың танымдық қызығушылығын арттырды.
  Сайыс барысында қатысушылар өздерінің білімдерін, шапшаң ойлау қабілеттерін, тапқырлығы мен зеректігін танытып, әр сұраққа белсенді түрде жауап берді. Ана тіліміздің байлығы мен көркемдігін танытатын тапсырмалар оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
  Кітапханашы Сражадинова Қарлығаш ана тілінің халқымыздың рухани қазынасы, ұлттық болмысымыздың берік негізі екенін атап өтіп, жас ұрпақты қазақ тілін құрметтеуге, сауатты әрі таза сөйлеуге және ана тілін күнделікті өмірде кеңінен қолдануға шақырды.
04 қыркүйек 2026 ж. 25

Жаңа түсімдер

Мемлекеттік сатып алу

Бейнебаян

  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам