Тіл тағдыры – ел тағдыры
№10 кітапхана Қазақстан халқы тілдері күніне орай және ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналған «Тіл тағдыры – ел тағдыры» атты тақырыптық кеш ұйымдастырды.
Шараның мақсаты – ана тілінің қадір-қасиетін дәріптеу, мемлекеттік тілге деген құрметті арттыру, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін қалыптастыру, сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл біліміне қосқан өлшеусіз еңбегін кеңінен насихаттау.
Кеш барысында «Тіл – асыл қазына» атты кітап көрмесі таныстырылып, қатысушыларға қазақ тілінің тарихы мен дамуы, ұлттық болмысты қалыптастырудағы маңызы туралы мол мағлұмат берілді. Көрме сөрелерінен тіл тағдыры мен ұлт руханиятына арналған құнды еңбектер ұсынылды.
Шара мазмұнын тереңдете түсу мақсатында тілдің қадірі мен қасиетін, ана тілінің адам өміріндегі маңызын арқау еткен бейнеролик көрсетілді. Көркемсөз оқыған оқушылар ана тіліне деген сүйіспеншілікті жырлаған тағылымды өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Кештің соңы мазмұнды әрі әсерлі концерттік бағдарламамен жалғасты. Өнерпаздар әсем әндер орындап, ұлттық өнеріміз бен рухани құндылықтарымызды дәріптейтін шығармаларымен көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.







