«Тіл – ұлттың тарихы мен тағдыры»
№1 кітапханада 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай мемлекеттік тілдің мәртебесін дәріптеу, қазақ тілінің қоғамдағы орны мен рөлін түсіндіру, көпұлтты Қазақстан халқы арасындағы бірлік пен татулықтың басты тірегі – тіл екенін насихаттап, таным көкжиектерін кеңейту мақсатында «Тіл – ұлттың тарихы мен тағдыры» атты танымдық сағат болып өтті. Аталған шараға Ә. Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тоғжан Насреддинқызы және оқушылар қатысты.
Шара барысында атаулы күннің тарихы және қазақ тіл білімінің қалыптасуына зор үлес қосқан, бүкіл ғұмырын тіл білімі үшін күреске арнап, ұрпақтарына қазақ әліпбиін, графикасын, орфографиясын жазып мұра етіп қалдырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тілдің мәртебесін көтеру жолындағы ерен еңбегі жайлы мазмұнды ақпараттар айтылып, тіл маманы Т. Насреддинқызы адам өз мақсатына қол жеткізуі үшін терең білім алумен бірге, көпшілікпен қарым-қатынас жасау, мәдениетті сөз сөйлеу, ойын жүйелі түрде жеткізе алу қабілетін меңгеруі қажет екендігі жайлы әңгіме өрбітті. Сонымен қатар оқырмандар ана тіліміз жайлы жазылған өлеңдерді мәнерлеп оқып, мақал-мәтел, қанатты сөздерді жатқа айтты.







