«Ұлы дала ханы – Абылай»
№ 4 кітапханада қазақ халқының ұлы ханы, мемлекет қайраткері, қолбасшы әрі көреген дипломат Абылай ханның туғанына 315 жыл толуына орай «Ұлы дала ханы – Абылай» атты танымдық сағат өткізілді. Шараға №253 орта мектебінің 7 сынып оқушылары қатысты.
Іс - шараның мақсаты – оқырмандарға Абылай ханның өмірі мен тарихи қызметі туралы мағлұмат беру, оның қазақ мемлекеттілігін нығайтудағы, елдің бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтаудағы еңбегін насихаттау, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиет қалыптастыру.
Шара барысында Абылай ханның XVIII ғасырдағы қазақ тарихындағы орны, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі, үш жүздің басын біріктірудегі қызметі туралы кеңінен айтылды. Сонымен қатар оның ел тағдырын шешудегі көрегендігі, батылдығы мен дипломатиялық шеберлігі жөнінде деректер ұсынылды. «Тарихты таны» атты сұрақ-жауап ұйымдастырылып, оқырмандар Абылай ханның өмірі мен қызметіне қатысты білімдерін ортаға салды.
Тақырыпқа сай кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге Абылай ханның өмірі мен қызметі, қазақ хандығының тарихы, XVIII ғасырдағы тарихи оқиғалар туралы кітаптар мен тарихи зерттеулер қойылып таныстырылды.







