«Адал адам» «Сұхбат TIME»
№17 кітапханада «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Сұхбат TIME» бағыты аясында туған өлкенің тарихын зерделеу, ауылдың өткені мен бүгінін сабақтастыру, ел шежіресін кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында тағылымды кездесу өтті.
Сұхбаттың қадірлі қонағы – ауылдың қалыптасып, елді мекеннің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан, елге еңбегі сіңген азамат Қалқұлов Қаржаубай ақсақал.
Шара барысында ақсақалдың өмір жолы, отбасы, елге жасаған еңбегі мен азаматтық ұстанымы кеңінен сөз болды. «Сіздің бала кезіңіздегі ауыл мен бүгінгі ауылдың қандай айырмашылығы бар?», «Ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан қандай азаматтарды ерекше атап өтер едіңіз?», «Бұрынғы ауыл жастары немен айналысатын?», «Бүгінгі ұрпаққа туған жер туралы қандай өсиет айтар едіңіз?» деген сауалдар төңірегінде өрбіген әңгіме ауылдың кешегісі мен бүгінін жалғаған сырлы сұхбатқа ұласты.
Қаржаубай ақсақал өткен күндердің елесі мен ауылдың бұрынғы тыныс-тіршілігін кеңінен әңгімелеп, сол кезеңдегі тұрмыс-салт, дәстүр, ауыл адамдарының өзара қарым-қатынасы, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақ жайында құнды естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ ауылдан шыққан елге белгілі тұлғалар, маңдай терімен елге қызмет еткен еңбек адамдары мен көнекөз қариялардың өнегелі жолы туралы әсерлі әңгімелер айтты.
Аға буынның өмір тәжірибесі мен жүрекжарды естеліктері жас ұрпаққа туған жерді қадірлеудің, ел тарихын білудің және кейінгіге аманат етер өнеге қалдырудың маңызын ұғындырды.







