«Түркі әлемінің ұлы композиторы»
№14 кітапханада қазақтың әйгілі күйші-композиторы, домбыра өнерінің дара тұлғасы Дина Нұрпейісованың туғанына 165 жыл толуына орай «Түркі әлемінің ұлы композиторы» атты күй кеші болып өтті.
Шараның мақсаты – ұлттық өнерді қастерлеу, қазақтың домбырасын дәріптеу, күй өнерінің құдіретін жас ұрпаққа таныту және ұлы күйшілердің шығармашылық мұрасын келер ұрпаққа аманаттау.
Тағылымды шараға Белкөл кенті клубының «Атамұра» домбыра үйірмесінің жетекшісі мен оқушылары, сондай-ақ №261 мектептің 8 сынып оқушысы Жарылқасын Саидмахди қатысып, Дина апамыздың күйлерін орындап, өз өнерлерін ортаға салды.
Шара барысында кітапхана оқырмандарына Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі таныстырылып, ұлы күйшінің қазақ өнеріне қосқан өлшеусіз үлесі кеңінен насихатталды.







