«Тарих пен тағдыр тоғысқан шығармалар»
№17 Қызылжарма ауылдық кітапханасында С.Әлжіков атындағы №144 орта мектеп-лицейінің оқушылары мен Қызылжарма мәдениет Үйінің қызметкерлерінің қатысуымен «Бір ел-бір кітап» республикалық акциясы аясында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтың туғанына 90 жыл толуына орай «Тарих пен тағдыр тоғысқан шығармалар» тақырыбында кең көлемді кітап көрмесіне библиографиялық шолу өтті.
Шараның мақсаты – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қабдеш Жұмаділовтің өмірі мен шығармашылығын таныстыру, оқырмандарға қазақ әдебиетіндегі тарихи шығармалардың маңызын таныту, сонымен қатар қаламгердің шығармашылық мұрасын насихаттау, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және ұлттық әдебиетке деген құрметін қалыптастыру.
Шара барысында оқырмандарға арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесіндегі жазушының кітаптары, мерзімді баспа беттеріне жарияланған Қабдеш Жұмаділов туралы естеліктер, жазушының өмір жолы, шығармашылық қызметі және қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі туралы мәліметтер берілді. Сонымен қатар, оқырмандарға қаламгердің «Тағдыр» романының мазмұны мен көтерген негізгі тақырыптарына тоқталып, шығарманың тарихи маңызы мен тағылымдық мәні түсіндіріліп, жазушының кітаптары кеңінен насихатталды.
Шара оқырмандардың қазақ әдебиеті туралы білімдерін кеңейтуге, көркем әдебиетке қызығушылығын арттыруға және Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылық мұрасын тереңірек тануға бағытталды.







