Алғыс алсаң көп жасайсың
1-наурыз Алғыс айту күніне орай С.Майқанова атындағы мәдениет үйі мен қалалық №1 кітапхананың ұйымдастыруымен «Алғыс алсаң көп жасайсың» атты өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен мерекелік әдеби сазды кеш өткізілді. Қазақтың жерін өзінің туған өлкесі санаған өзге ұлт өкілі Қазақстан халқы Ассамблеясының «Славяне» қоғамдық – мәдени орталығының төрайымы Г.С.Щербакова қазақ ұлтына алғысын білдіріп, М.Ықсанов атындағы Политехникалық колледжінің 2 курс студенті өзге ұлт өкілдері В.Ходжаев мен А.Тимур Абай Құнанбаевтың «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды. Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін неміс этномәдени бірлестігінің өкілі Светлана Крюгер, облыстық «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының «Сударушки» вокалды тобы «Родина моя Казахстан» әнін орындады. Достық үйінің жанынан құрылған «Жемчужина» би тобы мың бұрала би билеп, Облыстық шешен этномәдени бірлестігінің төрағасы Сайд-Селим Хазуев «Эрна» әнімен кештің сәнін келтірді. Өзбек этномәдени бірлестігінің белсендісі Искаков Дильшат «Қарамадың» әнімен көрермендерді бір серпілтіп, «Бастаңғы» әжелер тобы да өзге ұлт өкілдеріне үлкен құрмет көрсетіп өз репертуарларынан әндер шырқады.







