Ұлылардан ұлағат
Егемен еліміздің болашағы –жас ұрпақты азаматтық пен адалдыққа, отансүйгіштік пен мейірімділікке тәрбиелеу, рухани жан дүниесі мен ой-өрісінің кеңеюіне ықпал ете білу – баршамыздың абыройлы міндетіміз. Балалар кітабы халықаралық кеңесінің шешімімен 1967 жылдан бастап балалардың сүйікті жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туған күні, яғни 2 сәуір Халықаралық балалар кітабы күні деп белгіленіп, жыл сайын бұл керемет мерекені атап өту дәстүрге айналып отыр. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасының негізінде ұлттық болмысымыздың өзегін сақтай отырып, төл тарихымызды, ұлы даламыздың әр кезеңдегі даму өркениетін, рухани мәдениетімізді насихаттау, ұлттық рухымызды жас ұрпақ бойына сіңіру, ұлттық мүдде мен халықтың рухын жандандыру, ұлы даламыздың ұлы есімдерін ұлықтау мақсатында А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Ұлылардан ұлағат» атты қалалық байқау мектеп оқушылары арасында өткізілді. Сайысқа «Петро Қазақстан Кумкол Рессорсиз акционерлік қоғамы», «Торғай Петролеум акционерлік қоғамы» демеушілік жасады. «Ұлы дала тұлғасы» турында қатысушы топтар өз қалауы бойынша ұлтымыздың атақты тарихи тұлғалары мен олардың жетістіктерінен сахналық көрініс көрсетіп, «Ерлік пен батырлықтың өшпес жыры» екінші туры бойынша батырлар жырынан үзінді оқыды. Қазылар алқасы қойылымның тәрбиелік мәніне, балалардың орындаушылық шеберлігіне, жырдан үзіндіні мәнерлеп оқуына баса назар аударды. Нәтижесінде №235 –ші мектеп үздік деп танылса, №112 мектеп 2-ші орынды, №187 мектеп 3-ші орынды иеленді. Ұлтымыздың баға жетпес символдық капиталы болып саналатын Ұлы даламыздың Ұлы есімдерінің қайта жаңғырып ұрпақтардың ұлықтауы бабаларға, төл тарихымызға деген зор құрмет игілікті іс-шара болды.













